Аристотель

Аристотель
көне грекше: Ἀριστοτέλης
Aristotle Altemps Inv8575.jpg
Аристотель, б.з.д. 300ж. түпнұсқаның көшірмесі, мәрмәр, заманауи құралдармен өңделген
Жалпы мағлұмат
Туған күні:

Б. з. д. 384

Туған жері:

Стагир, Орталық Македония, Халкидики жартыаралы

Қайтыс болған күні:

Б. з. д. 322

Қайтыс болған жері:

Халкида, Эвбея аралы

Шығармашылығы
Мектеп/дәстүр

Перипатетиктер мектебін бастап, Аристотелизмнің негізін қалады

Бағыты:

Батыс философия

Кезең:

Антикалық философия

Негізгі қызығушылығы:

Саясат, Метафизика, Ғылым, Логика, Этика

Негізгі пікірі:

катарсис, себеп, силлогистика, хрематистика

Ықпал еткендер:

Парменид, Сократ, Платон, Гераклит

Аристотель (көне грекше: Ἀριστοτέλης; б. з. б. 384 ж., Стагира (Орталық Македония), Халкидики түбегі — б.з.б. 322 ж. 7 наурыз[1], Халкида, Эвбея аралы) — ежелгі грек философы, Платонның шәкірті, Ескендір Зұлқарнайынның (Ұлы Александр) ұстазы, «адамзаттың бірінші ұстазы» деген құрметті атаққа ие[2][3].

Ол ғылым мен парасаттың көптеген тақырыптарын жүйелі әрі жан-жақтылы зерделеп, жаратылыс пен өмірдің түрлі құбылыстарына нақты ғылыми зерттеулер жасап, артына сүбелі еңбектер жазып қалдырды. Аристотель ғылымның көптеген саласының алғашқы негізін қалады, олардың арасында физика, метафизика, поэтика, театр, музыка, логика, риторика (шешендік өнері), саясат, этика, эстетика, биология, зоология және экономика қатарлылар айрықша аталады. Ол қалдырған философиялық пайым жүйесі мен ғылыми зерттеу дәстүрі кейінгі мұсылмандық және христиандық мәдениетке, шығыс-батыс өркениетіне айрықша ықпал етті. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өзінің «Ескендір» поэмасында Ескендірдің көзтоймастығына салыстырмалы Аристотельдің ғажайып даналығын айқын сипаттайды.

Сократ, Платон, Аристотель үштігі ежелгі грек философиясының шыңы ретінде айырықша құрметпен аталады.

Аристотель ең алғаш этика, эстетика, логика, ғылым, саясат және метафизика сияқты мәселелерді толық қамтитын жан-жақты философиялық жүйені құрды.

Аристотельдің физикалық көзқарастары ортағасырлық ғылымның қалыптасуына терең әсер етіп, ренессанс дәуіріне дейін созылды. Бірақ кейін ол Ньютон физикасына орын берді.

Оның алты кітаптан тұратын «Органоны» ойлау әдісін қарастыратын логиканы тұңғыш рет философиялық деңгейге көтерді. Оның еңбектерінде ең алғашқы логикалық зерттеулер жасалған, соның негізінде ХІХ-шы ғасырда формальды логика ғылымы қалыптасты.

Аристотельдің метафизикалық ілімі иудаизм және ислам философияларына зор ықпал етті. Ал оның христиандық философияға әсері, әсіресе Шығыс православ шіркеуінің философиясына және Рим католик шіркеуінің схоластика мектебіне ықпалы қазірге дейін жалғасып келе жатыр. Аристотель этикасы — Никомах этикасы деп те аталады, қазіргі заманға дейін айтарлықтай маңызға ие. Дегенмен ұлы ойшылдың барлық мұрасы түгел айқындалды деуге болмайды, Аристотель философиясының түрлі қырлары әлі де терең зерттелу үстінде.

Биология ғылымдарында ол жасаған кейбір зерттеулердің дұрыстығы тек ХІХ ғ. ғана расталды. Аристотель - Гиппократтың шәкірті, философия ілімінің бірінші ұстазы ретінде сол кездегі басқа да ойшыл ғалымдармен қатар барлық ғылымдардың, оның ішінде морфологияның дамуына да зор үлес қосты. Аристотель салыстыру әдіснамасын пайдалана отырып, жануарлардың 500-ден аса түрлерінің дене құрылысын зерттеу жасап, морфологиялық ғылыми тұжырымдар туғызды. Аристотель жануарлар денесінің еркін қозғалысын мидың басқаратынын, сүйекқаптың маңызын, жүрек пен қан тамырлар байланысын дұрыс түсініп, жүйкені басқа мүшелерден ажырата білді. Аристотель өзінің ғылыми еңбектерімен салыстырмалы анатомияның, зоологияның және эмбриологияның негізін қалаған болатын[4][5].

Аристотель мұсылман ғалымдарына да жете таныс болды. Көптеген шығармалары орта ғасырда араб тіліне аударылды. Шығыс ойшылдары Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн-Рушд қатарлы Аристотель танушы, Аристотель ілімін жалғастырушы ойшылдар мұсылман перипатетиктері Аристотельді зерттеу мен ғаламды философиялық және ғылыми тануды қатар жалғастырды. Аристотель құрметтеліп «Бірінші Ұстаз» ("The First Teacher" المعلم الأول) деп дәріптелді. Ал, екінші ұстаз – түркі-қыпшақ ойшылы Әл-Фараби болатын.

Аристотель кезінде көптеген өте көркем шығармалар мен диалогтар (Цицерон оның әдеби стилін «алтын өзен»[6] деп атаған) жазса да, оның жазбаларының көпшілігі бізге дейін жетпеген. Оның кейбір еңбектері біресе табылып, біресе қайта жоғалып отырды. Кейбір пайымдаулар бойынша, оның жазбаларының тек бестен бірі ғана сақталған[7].

Өмірбаяны және шығармашылығы

Аристотель сөзінің грекше мағынасы «Ұлы мақсат» дегенді білдіреді[8]. Аты "Ұлы мақсат" дегенді білдіретін Аристотель Македонияға қарасты Халкида түбегіндегі Стагира қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Стагира қаласының орыны бұл күндері Салоникиден 55 км қашықтықта жатыр[9]. Оның әкесі Македония патшасы Аминтастың жеке дәрігері болған. Аристотель де өте жас кезінде монарх ордасында болыпты[10]. Әкесі Никомах Аристотельдің жас кезінде қайтыс болады[11]. Бірақ Аристотель ақсүйектерге лайықты тәрбие және білім алды.

18 жасында Аристотель Афина қаласына барып, Платон Академиясында шамамен жиырма жыл бойы – б.з.д. 347 жылы Платон қайтыс болғанға дейін академиялық білім алады. Платон Аристотельді өте ұнатты деу қиын, Аристотель де Платонның негізгі көзқарастарына қарата өзгеше пікірде болған және Платонмен дауласып қалып отырған. Әрине, ол бүкіл өмірінде Платонға деген құрметінен айныған жоқ.

«Аристотель мен Ескендір: Аристотель сабақ беруде». Британ кітапханасы, мұсылман халықтары дәстүрінде

Платон қайтыс болған соң Академиядағы жаңа басшы математикаға көбірек назар бұрғандығына Аристотель төзе алмай Афинадан кетеді[12]. Академияның жаңа басшыларының идеясын жақтамаса да, ол академиямен байланысын үзбеген. Кейін ол Ксенократпен бірге Кіші Азиядағы (Бүгінгі Түркиядағы) Гермиас патшаның иеліктеріне сапар шегеді. Азияда болған кезінде ол Теофрастпен бірге Лесбос аралына сапар шегіп, екеуі аралдың өсімдік және жануар әлемін зерттеді. Аристотель Гермиастың қызы (не қарындасы) Питияға үйленді. Одан туған қызды да Пития деп атады. Гермиас бір реткі бүлікте кездейсоқ өлтірілген соң Аристотель отбасымен Кіші Азиядан кетуге мәжбүр болады[13]. Сол кезде Аристотельді Македония патшасы ІІ Филипп өзінің 13 жасар ұлы Ескендірге (Македондық аты Александр) тәлімгер болуға шақырады. Бұл кезде ол тек Ескендірге ғана емес, басқа екі болашақ патшаға, яғни І Птолемей Сотерге және Кассандрға да сабақ берген[14]. Ол Ескендірді "Гректерге жетекші болуға, варварларға қатал болуға, шаруаларға досы мен туысына көмектескендей көмектесуге, басқаруда әрі қатал, әрі жұмсақ болуға" үйретеді[14].

Плутархтың жазуынша, Аристотель Ескендірге этика, саясаттану және философия үйреткен. Аристотель өз қабілетінен пайдаланып Ескендірдің дүниетанымына үлкен әсер еткені анық. Дәл Аристотельдің әсерінде Ескендір ғылым-білімге құрмет етті. Ол мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөліп, қызметшілерді жұмылдырып, Аристотелдің көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізуіне септесті. Дегенмен, Аристотель Ескендір құрған империяны да, Ескендірдің саяси көзқарасын да жақтамағаны кітаптарынан байқалады. Аристотельдің саяси көзқарасы түрлі басқару тәсілдерінің озық үлгілерін өзара тоғыстыру, әсіресе аристократия мен демократияны бірлестіру болғандықтан, Ескендірдің орталықтандырылған империясы жабайылыққа қайту есептеген.

Ескендірге бірнеше жыл тәлім бергеннен кейін[15] Аристотель Афинаға қайтып оралды. Афинада оның әйелі Пития қайтыс болып, ол Стагиралық Герпиллида атты бір әйелді кездестіреді. Ол ұл туып, оның атын Аристотель өз әкесінің құрметіне Никомах деп қояды.

Аристотельден бір ғасыр бұрынғы Афина империясы картасы, б.з.д.431ж. Пелопоннес соғысы қарсаңы.

Б.з.д. 335 жылы ол Афинаның Ликей деген жерінде өз мектебін (лат. Lyceum) ашты. .

Ликейде Аристотель сабақ беру мен шығармашылықты қатар қолға алады. Оның сабақ өту ерекшелігі өзгеше болды. Ол әдетте жүзім бараңдары мен бау-бақшада серуендеп жүріп, шәкірттерімен түрлі ғылым салалары туралы пікірлескен. Сондықтан оның мектебін "серуен философиясы" деп те атайды және Аристотелге ілесушіні серуенші (Перипатетик) деп атайды. Шығыс ойшылдар: Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн-Рушд қатарлы - Аристотель танушы, Аристотель ілімін жалғастырушы ойшылдар, « мұсылман перипатетиктері» деп аталады.

Аристотель көптеген еңбектерін өмірінің осы кезеңінде жазған болуы мүмкін[15]. Оның табиғат және физика туралы жаратылыстанулық және философиялық еңбектері Платон диалогтарына қарағанда күрделі болып келеді. Кейбір диалогтар жазғаны белгілі, бірақ ол диалогтарының аз бөлігі ғана сақталған. Бізге келіп жеткен еңбектерінің көбі «трактат» түрінде өзінің шәкірттеріне арналған оқу құралы ретінде жазылғандықтан, көпшілігі жалпы таратуға арналмаған.

Ғылым шынайы мағынада Аристотелден басталды, сол себепті кейінгі ғалымдардың бәрі Аристотельге қарыздар деп есептеледі[16]. Аристотель тұңғыш ғылымдарды түрге бөлуші, әрбір ғылымның нені зерттейтінін айқындаушы болды. Аристотель сол кездегі ғылымның барлық саласы туралы ізденіп, әрбір ғылым саласында бағалы еңбектер қалдырды. Ғылым саласында ол анатомия, астрономия, экономика, эмбриология, география, геология, метеорология, физика, зоология салаларын зерттеді, философия саласында эстетика, этика, саясат, үкіметтану, метафизика, психология және теологияны зерттеді, мәдениет саласында білім беру, әдебиет, поэтика зерттеді. Оның осынау ғылым мен философия саласындағы кітаптары ежелгі заман ғылымын негізінен түгел қамтыған білімнің энциклопедиясы болды. Бұл еңбектердің арасында өте маңызды байланыстар мен үндестіктер болса да, олардың стилі мен тақырыптары жағынан әртүрлі болып келеді. Өз заманында белгілі болған ғылыми мәліметтердің бәрін білген адамдардың ең соңғысы Аристотель болған деген жорамал жасалған[17].

Ескендір қайтыс болғаннан кейін[18] Афинада македондықтарға қарсылық үдеді. Өздерін басқалардан мәдениетті (өркениетті) сезінген гректер "жабайы" ( варвар) македондықтардың отары болуға онсыз да төзімсіздік таныту күйінде еді. Аристотель отаршылдардың ойшылы, ұлт сатқыны ретінде гректердің өзіне тым ұнай қойған жоқ. Билеуші Еуромедон Аристотельге «құдайларды қастерлемейсің» деген айып тақты. Аристотель «Афиналықтарға философтарға қарсы екінші рет қиянат (Сократтың айыпталуы мен өлімге кесілуі) жасатпаймын»,[19][20]- деп, Ликейді перипатетик Теофрастқа (гр. Θεόφραστος) қалдырып, анасының Халкидадағы (лат. Chalcis) иелігіне бас сауғалап барды. Бұндағы оның қиянат деп отырғаны афиналықтардың Сократқа шығарған әділетсіз сот үкімі, яғни демократиялы Афина жағынан "жастарды аздырды, жалған Құдайға сенді" деп айыпталып, у ішіп өлу жазасына кесілуі болатын. Бірақ бір жыл өтпей (б.з.д. 323 жылы) ол Евбеяда ауырып қайтыс болды. Аристотель соңғы өсиетінде өзін әйелінің жанында жерлеуді сұрады[21][22][23][24].